М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, академик Жұмахан Мірхалықов Қазақстан ректорлары делегациясының құрамында ТМД-да Білім жылына арналған Мәскеу халықаралық білім салонының шеңберінде өткізілген салтанатты іс-шараларға қатысу үшін Мәскеу қаласына барды.

Еуразия жоғары оқу орындары ассоциациясының толық мүшесі ретінде ОҚМУ ректоры ММУ ректоры В.А.Садовничий мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысының Мемлекетттік Думасының төрағасы С.Е.Нарышкиннің төрағалық етуімен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен Еуразия университеттер ассоциациясы Кеңесінің отырысына қатысты. Отырысқа Ресей Федерациясы, Қазақстан, Белоруссия, Армения, Әзірбайжан мен Қырғызстанның 33 жетекші жоғары оқу орнының ректорлары қатысты.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ атынан Ж.Мірхалықов қос диплом бағдарламалары жүзеге асырылатын және білім беру және зерттеу қызметінде жоғары оқу орындары арасында тығыз ынтымақтастық орнатылатын Еуразиялық желілік университет құру туралы меморандумға қол қойды.Отырыс шеңберінде жоғары оқу орындарын саралау және білім саласын тәуелсіз бағалуды одан әрі жүргізу үшін, Еуразия жоғары оқу орындарының ассоциациясының рейтингілік агенттіктерін құру туралы Меморандум қабылданды.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Ж.Ү.Мірхалықов М.Ломоносов атындағы МГУ ректоры В.А.Садовничпен, РУДН ректоры В.М. Филипповпен, Ассоциацияға мүше басқа ректорлармен ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар, Жұмахан Үшкемпірұлы Мәскеу қаласының жетекші жоғары оқу орындарында (МГИМО, РУДН) қос диплом бағдарламасы бойынша білім алып жүрген М.Әуезов атындағы ОҚМУ магистранттарымен кездесті. Магистранттар өздерінің оқу мен зерттеу жұмыстарындағы тамаша жетістіктерімен бөлісті. Ғылым күнінің мерекеленуіне орай қос диплом бағдарламасы бойынша білім алып жүрген барлық магистранттарды ректор сыйақыға ұсынды.